Теолог, психолог және әлеуметтанушы мамандар түзету мекемесінде жазасын өтеушілермен кездесті. Дін істері басқармасының ақпараттық-түсіндіру тобы теріс діни ағымдардың алдын алу, зайырлы қоғамға бейімдеу және оңалту мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


Дін істері басқармасы ұйымдастырған ақпараттық топ №78 қатаң режимдегі әйелдер колониясында жазасын өтеушілермен кездесті. Кездесуге теолог, психолог және әлеуметтанушы мамандар қатысты. Олар сотталған азаматтардың қоғамға бейімделуі, діни сауаттылығы мен психологиялық тұрақтылығы жайында әңгіме өрбітті.


 ШАЛҚАР БЕЙСЕНБАЕВ, ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Бұның негізгі мақсаты – жазасын өтеушілер арасында мерзімі таяп қалған азаматтарды жаңа қоғамға барған кезде адаптациялау.


Кездесу барысында деструктивті идеологияның зияны түсіндіріліп, дәстүрлі құндылықтардың маңызы айтылды. Теолог мамандар жазасын өтеушілерге қоғамға қайта бейімделудің жолдарын түсіндіріп, бағыт-бағдар берді.


 БАУЫРЖАН БОТАҚАРАЕВ, ТЕОЛОГ
Уақытша мерзімі шектелген азаматтардың осы мекемеден шығып, қоғамға қайта кірген кезде олардың аз-көп хабары болсын деген мақсатпен келіп жатқан жайымыз бар.


Сонымен қатар, психолог мамандар ішкі күйзелісті еңсеру, адамдармен қарым-қатынас орнату және өзара түсіністікті қалыптастыру бағытында кеңес берді.


АЛТЫНБЕК БОРАНБЕК, ПСИХОЛОГ
Адамның өзімен-өзі жеке қалғандағы ішкі әлеміндегі кедергілерді жойып, ішкі тірегін дұрыс қалыптастыру жолында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


 Шара аясында топтық кездесулермен қатар жеке қабылдаулар да өтті. Жазасын өтеушілер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жеке кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.