Шымкентте тоғыз түрлі дертке ем ретінде фитошәй дайындалады. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында құрылған ғылыми-зерттеу орталығы дәрілік өсімдіктердің қасиетін зерттеп, табиғи фитопрепарат әзірлеумен айналысады. Мамандар өсімдік шикізатын заманауи технологиямен өңдеп, оның емдік мүмкіндіктерін анықтауда. Бұл орталықтың тағы қандай артықшылықтары бар? Әріптесім тарқатады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
 Бүгінде денсаулығына бейжай қарамайтындар табиғи өнімге көбірек бет бұруда. Ал бұл зертханада әрбір өнім қатаң тексерістен өтіп, сапа бақылауынан кейін ғана тұтынушыға ұсынылады. Мамандардың айтуынша, фитошәйлер иммунитетті нығайтып, ағза жұмысын жақсартуға ықпал етеді.


Орталық мамандары табиғи шикізаттан тоғыз түрлі бағытқа арналған фитошәй түрлерін дайындайды. Олар қант диабеті, бауыр және тыныс алу жолдары ауруларының алдын алуға бағытталған. Дайындау процесі бірнеше кезеңнен тұрады: жиналған өсімдіктер сұрыпталып, бөгде қоспалардан тазартылады, кейін арнайы температуралық режимде кептіріліп, ылғалдылығы реттеледі.


 КҮЛПАН ОРЫНБАСАРОВА, ОҚМА ФАРМАЦИЯ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Бұл фитошәйлер табиғи өнімдерден жасалады. Студенттеріміз тау бөктеріне барып, дәрілік шөптерді жинап әкеледі. Қазір патент алынып, тіркеу жұмыстары жүріп жатыр.


Зертханада биологиялық белсенді заттардың сапалық және сандық көрсеткіштері анықталады. Ғалымдар өсімдік құрамындағы пайдалы компоненттердің мөлшерін зерттеп, оларды бөліп алу үдерісін жүргізеді. Әр сынама бірнеше мәрте тексеріліп, сапасы бағаланады.


ҰЛАН КЕМЕЛБЕКОВ, ХИМИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
Зертханада әр өсімдіктің құрамындағы биологиялық белсенді заттардың сапасы мен мөлшері мұқият анықталады. Бұл – өнімнің тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі шарты.


 Дәрілік өсімдіктерді студенттер арнайы экспедициялар кезінде тау бөктерінен жинап әкеледі. Орталықта қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған. Әр фитошәйдің құрамы ғылыми негізде әзірленіп, зертханалық бақылаудан өтеді.


АЯЖАН ШЫМКЕНТБАЙ, СТУДЕНТ
 Біз дәрілік өсімдіктерді жинау жұмыстарына белсенді қатысамыз. Экспедициялар кезінде тау бөктерінен шөптерді теріп әкелеміз. Бұл тәжірибе бізге теорияны практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді.


 Мамандардың айтуынша, табиғи өнімдерге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ғылыми негізде жасалған отандық фитопрепараттардың маңызы зор. Алдағы уақытта орталық өнім түрлерін көбейтіп, өндірістік әлеуетін кеңейтуді жоспарлап отыр.