Шымкентте заңсыз берілген 1 гектарға жуық жер телімінде салынған бес қабатты құрылыс нысаны толығымен бұзылды. Бұған дейін қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы «REAL PACK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі ғимаратқа тексеру жүргізген болатын.


Нәтижесінде, “Қиял әлемі” саябағына іргелес орналасқан әжетхана құрылысына берілген, жалпы көлемі 0,93 гектар жер учаскесі ҚР Жер кодексінің талаптарына қайшы берілгені және рұқсатсыз құрылыс жүргізілгені анықталды. Осы дерек бойынша басқарма сотқа талап-арыз жолдады. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен, «REAL PACK» ЖШС-не тиесілі Әл-Фараби ауданы, Бейбітшілік көшесі, 3А мекенжайында орналасқан бес қабатты ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар меншік иесіне айыппұл салынды.