Шымкентте «Заң мен тәртіп» цифрлық сервисі іске қосылғаннан бері полицияға 1300-ге жуық хабарлама түскен. Тұрғындар құқық бұзушылықтар туралы хабарлаудың жаңа мүмкіндігін белсенді қолданып жатыр. Шағымдардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзу, жол-көлік оқиғалары және басқа да әкімшілік құқықбұзушылықтарға қатысты.


 «Заң мен тәртіп» сервисі тәулік бойы жұмыс істейді. Ол азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы хабарлаудың ыңғайлы әрі жылдам тәсілін ұсынады. Полицияға келіп түскен барлық хабарламалар тіркеліп, белгіленген тәртіпке сай қаралады. Сервисті «eGov Mobile» және кейбір банк қосымшалары арқылы да қолдануға болады. Өтініш беру үшін қосымшадағы «Заң мен тәртіп» батырмасын таңдап, құқық бұзушылықтың түрі мен болған орнын көрсету жеткілікті.