Түркістан облысында білім саласын дамыту, ұстаздардың біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға және білім сапасын көтеруге басымдық беріліп отыр. Жауапты басқарма тұрақты ізденіп, жаңа идеяларды енгізуге күш салуда. Атап айтқанда, Түркістан облысында арнайы жоба іске қосылып, 50 мектептің директоры мен олардың орынбасарлары оқудан өтеді.


 Жоба ұстаздардың да біліктілігін арттырып, білім берудегі тың әдістерді үйретуге бағытталған. Сонымен бірге мектеп басшылары Еуропа елдеріне барып, білім беру мекемелерінде тәжірибе жинайды. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев аталған ұсыныстар назарға алынып, жан-жақты зерделенетінін жеткізді. Айта кетейік, өңірде 83 мыңнан астам ұстаз жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп, аянбай еңбек етіп жүр. Мемлекет басшысының «1000 көшбасшы» жобасы аясында өңірден 600-ге жуық ұстаз іріктеліп, олардың 46-сы білім саласында басшылық қызметке тағайындалды. Ал «Daryn Teacher» халықаралық жобасы аясында 25 ұстаз Малайзия, Сингапур, Финляндия және Эстония елдерінде тәжірибе жинақтаған.