Соңғы уақытта елдегі тұрғын үй нарығында бағаның беті бері қарар емес. Қарапайым халықтың баспанаға қол жеткізуі жыл өткен сайын қиындап барады. Бірі пәтер жалдап күнелтіп, енді бірі ипотеканың қамытын киіп, мойнынан жүк арылмай жүргені рас. Бұл аздай, келесі жылы баға тағы 20 пайызға өседі деп болжанып отыр. Тұрғын үй нарығының бүгінгі ахуалы жайлы тілшіміз тарқатып айтады.
Жұртшылық үшін ипотеканың қызығынан гөрі қиындығы басым. Бұл еңбек жолын енді бастаған Ұлбосын үшін де оңайға соқпаған. Жас маман алғашқы табысын жинап, жылдар бойы армандаған үйінің алғашқы жарнасын құйып, баспанаға қол жеткізді. Ол ай сайынғы төлем мен күнделікті шығынның арасы тарылып, қаржылық жауапкершілік екі есе артқанын айтады.
ҰЛБОСЫН НҰРҒАЛИҚЫЗЫ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мемлекеттік үй беру бағдарламаларының ақпараттарына сүйенсек, келесі жылы үй алу бағасы 20 пайызға көтеріледі деген мәліметті ескере отырып, бұл жоспарымды кейінге қалдырмауды жөн көрдім. Мен де айлық табысымның белгілі бір бөлігін басқа шотқа салып, жинап отырдым. Тағы бір кеңесім – банк бағдарламаларын зерттеңіздер. Кейде пайыздық мөлшерлеме төмен болып көрінсе де, банк халыққа тиімді шарттарды ұсынуы мүмкін.
АРУЖАН САМИДИН – ТІЛШІ
Мамандардың айтуынша, мұндай қарқын халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Себебі, бағаның шарықтауы тұрғындардың сатып алу қабілетін төмендетіп, нарықтағы теңгерімді бұзады.
АЙДОС АТАЕВ – САРАПШЫ
Қазіргі уақытта тұрғын үй бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етіп жатыр. Оның бірі – шетелден келетін құрылыс материалдарының қымбаттауы. Бұл, яғни, үй салудағы өзіндік шығындарды арттырады. Сәйкесінше, құрылыс компаниялары үйдің бағасын жоғары бағамен сатуына тура келеді. Қазір қандай ипотекалық бағдарлама бар, яғни қандай мүмкіндікпен үй алуға шамаларыңыз жетеді – дәл сол мүмкіндікті қазірден пайдалану керек. Себебі, қазір алғыңыз келіп тұрған үйдің бағасы 15 миллион болса, сіз «жинап алам, кейін алам» дегенше, оның құны 20–25 миллионға дейін көтерілуі мүмкін.
Мемлекет баспана мәселесін шешу үшін бірқатар жобаны қолға алды. «Наурыз», «7-20-25», «Қамқор» сынды бағдарламалар – тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды бастамалар. Дегенмен, бұл жүйе тиімді жүзеге асуы үшін шарттары мен талаптарын жеңілдетіп, қатысу тетіктерін барынша ашық ету маңызды, – дейді сарапшылар. Себебі, кейбір жас мамандар мен орта табысты азаматтар үшін бастапқы жарнаны төлеу мен табысты дәлелдеу әлі де күрмеуі шешілмеген мәселе болып отыр.
МАДИНА ҚАБАЙ – ИПОТЕКАЛЫҚ БРОКЕР
Осы кеше шыққан жаңалықтарға сәйкес, 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап екінші деңгейлі банктердің пайыздық үстемесін 25 пайыздан 20 пайызға төмендету ұсынылды. Бірақ бұл екінші нарықтағы банктерге тиімсіз. Себебі, Ұлттық банктегі пайыздық мөлшерлеме – 18 пайыз. Сондықтан 1 қарашада екі болжам бар: немесе екінші нарықтағы ипотекалық несие толық тоқтайды, немесе рәсімдеу шарттары күрделене түсуі мүмкін.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жыл ішінде жаңа тұрғын үйлерді сату құны орта есеппен 11,3 пайызға артқан. Онымен қоймай, тұрғын үйді жалға алу ақысы да 8,5 пайызға қымбаттаған. Сарапшылар мұндай жағдайда әліптің артын бағып, нарықтың тынысын бақылаған жөн деп топшылайды.