Шардара су қоймасына 500 мыңға жуық балық шабақтары жіберілді. Сазан, дөңмаңдай және ақ амур балықтары «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің арнайы тұқымбағында өсірілген. Мемлекеттік тапсырыс аясында атқарылып жатқан шабақтандыру жұмыстары қазан айының соңына дейін жалғасады.
Шардара су қоймасы ең таза су айдыны саналады. Мұнда сазан, ақ амур, мөңке мен дөңмаңдай сияқты балықтың бірнеше түрі бар. Көлге жаңадан жіберілген шабақтар жергілікті тұқымбақта өсірілген. Балық инспекторлары майшабақтар күн суытқанша айдынға бейімделіп кетеді деп отыр.
МАРАТ ҚАРАҚҰЛ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
2025 жылға 209 мың сазан, 250 мың дөңмаңдай және 200 мың ақ амур балық шабақтарын жіберу жоспары бар.
Балық инспекторлары су қоймасының жай-күйіне жауапкершілікпен қарайды. Жылына екі рет көлдерді тазартып, қалып қойған аулар мен қоқысты жинайды. Өйткені қалдықтар балықтардың суда еркін жүзуіне кедергі келтіреді, дейді инспекторлар. Жалпы, ауданда қазіргі таңда балық өндіретін 6 зауыт бар. Кәсіпорындар майшабақтан бастап дайын өнімге дейін өздері өсіреді. Бір сөзбен айтқанда, балық кластері дамыған. Олар дәмі тіл үйіретін шардара балығын Еуропа елдеріне экспорттайды.
ЖАНАР АЛДАШЕВА, БАЛЫҚ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Жұмысымыз- судак балығы келгенде оның сыртын тексеріп, ішін тазалау. Содан кейін формасын шығарып, инспекцияға жібереміз.
«Хамит» АӨК балық өңдеу кәсіпорны өнімді қайта өңдеу, сақтау және мұздату жұмыстарын жүзеге асырады. Балықтың кептірілген және ысталған түрлерін де шығарады. Сондай-ақ вакуумделген балық өнімдерінің бірнеше түрін, тіпті уылдырықты да вакуумдеп өндіреді. Көлден ауланған балықтар тұтынушыға барғанша барлық технология сақталады. Шардара балығы — сонысымен ерекше, дейді технологтар.
ЖОМАРТ ӘЗІМОВ, ЗАУЫТТЫҢ ӨНДІРІСТІК ДИРЕКТОРЫ
Зауытта негізі бес цех бар. Соның ішінде ең негізгісі — филей цехы деп аталады. Мұнда балықтың сүйегінен етін ажыратып, филе қылып кесу жұмысы жүргізіледі. Қазір кесіліп жатқан судак балығынан бөлек, шортан, сазан, толстолобик, жайын сияқты түрлер де филе түрінде өңделеді.
Өнімнің сапалы болуы, ең алдымен, балықтардың табиғи жағдайда еркін жүзуіне байланысты. Мұнда ауа райы қолайлы, жайылым алқабы кең, уылдырық шашу мен өсуге барлық мүмкіндік бар. Кәсіпорын елімізде балық шаруашылығын дамыту мақсатында осы кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарды оқытып, тіпті шабақ өсіріп беруді де қолға алып отыр.