Елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы - ұлттық әдебиетті дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени жоба. Биыл бұл бастама аясында қазақ руханиятының қос алыбы - Жұмекен Нәжімеденов пен Тәкен Әлімқұловтың шығармалары таңдалды. Қалалық отбасылық кітапханада өткен оқырман конференциясында көрнекті тұлғалардың шығармашылық мұрасы насихатталды.


 «Бір ел – бір кітап» акциясы жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттырып, ұлттық рухани мұраны кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Шараға қатысушылар ана тілдің көркемдігін сезініп, сөз өнерінің қадірін түсінуге жол ашады. Оқырман Береке Оңалбай осындай жобалардың жастарға зор серпін беретінін айтады.


БЕРЕКЕ ОҢАЛБАЙ, ОҚЫРМАН

«Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша біз көптеген шығарманы талқыладық. Сол арқылы тарихымызбен тереңірек танысып, рухани байыдық. Кітап көп оқыған сайын тіл байлығы артып, ой-өріс те кеңейеді.


 Конференция барысында қатысушылар қос қаламгердің өмірі мен әдеби мұрасына арналған баяндамаларды тыңдап, бейнематериал тамашалады. «Қазақтың қос алыбы» атты сұрақ-жауап ойыны мен «Ұлт рухының қос шырағы» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды.


 АЙШОЛПАН МАНКАРАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бұл конференцияның мақсаты - қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Жұмекен Нәжімеденов пен Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын насихаттау және оқырмандарды кітап оқуға баулу.


Тәкен Әлімқұлов - терең философиялық ойды көркем тілмен өрнектеген, ұлттық мінез бен рухани құндылықтарды прозада шебер бейнелеген суреткер. Ал Жұмекен Нәжімеденов - туған жер мен елге деген сүйіспеншілікті жырымен өрнектеген ақын.


 МАРАТ БАЙЫРБЕКОВ, ФИЛОЛОГ

Қазіргі өскелең ұрпақ кітапты көбірек оқуы керек. Кітап оқыған адамның ой-өрісі кең, тілі бай болады. Өкінішке қарай, бүгінде кей жастар интернетке әуес. Сондықтан мен жастарды кітап оқуға шақырамын.


«Бір ел – бір кітап» жобасы - Президенттің «Әділетті Қазақстан – Әділетті қоғам» тұжырымдамасындағы рухани жаңғыру бағытымен үндес. Өйткені ел дамуының негізі -мәдениет пен білімнің биіктігінде.