Түркістан облысы тағы бір ірі инвестициялық жобамен толықты. Түлкібас ауданының Күмісбастау ауылында АҚШ-тың әлемге әйгілі RC Cola брендімен жұмыс істейтін «Beibars Bottlers» компаниясының заманауи сусын өндіру зауыты салтанатты түрде ашылды. Ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіруге маманданған бұл кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.


 Жаңа зауыттың ерекшелігі – заманауи неміс және италиялық технологияларға негізделген өндіріс желілері мен экологиялық таза, көпсатылы су тазарту жүйесі. Өндірісте пайдаланылатын су кәсіпорын маңындағы 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынып, халықаралық стандарттарға сай тазартылып отырады. Бұл судың сапасы АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында арнайы тексерістен өткен.


АМАНГЕЛДІ НҰРОВ, «BEIBARS BOTTLERS» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ

«Бұл зауыттың іргетасы 2007 жылы қаланған. 2008 жылы қаржылық дағдарыс кезінде жұмыс тоқтап қалды. 18 жылдан кейін бұл зауыт іске қосылды. Негізгі демеушіміз – Freedom Bank. Жобаның жалпы құны 9 млрд теңге болса, соның 4,5 млрд теңгесін өзіміз салдық, 3,5 млрд теңгені банк берді.»


 Зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін сусын өндіре алады. Өнімдер металл және пластик құтыларда шығарылып, Қазақстан нарығынан бөлек, көрші елдерге де экспортталмақ. Зауыттың жалпы аумағы – 5 565 м². Өнім түрлері – RC Cola брендімен шығатын газдалған сусындар, ауыз су және өзге де алкогольсіз өнімдер.


ФРЭНСИС ЛАМПЕРА, «RC COLA INTERNATIONAL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ

 – «RC Cola-ның тарихы 120 жыл бұрын Американың кішкентай ғана қалашығынан басталған. Содан бері әлем бойынша танымал болып, көптеген елдерде зауыттар ашылды. Қазіргі таңда бізде 65 франшиза бар, енді оған Beibars Bottlers компаниясы қосылып отыр. Бұл әріптестікке өте қуаныштымын.»


Жобаны іске асыру аясында ҚР Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысына сәйкес, зауыттың инфрақұрылымын жеткізу үшін 705 млн теңгеге 6 140 метрлік 35 кВ электр желісі мен қосалқы станция салынды. 25 млн теңгеге табиғи газ құбыры тартылып, 240 млн теңгеге кәріз жүйесі мен тазарту қондырғылары орнатылды.