Енді арнайы агрохимиктер оқытылатын болады. Жұмысшы мамандықтар жылына орай Бәйдібекте ауыл шаруашылығы саласына қажетті жаңа мамандық иелерін дайындау шарасы қолға алынды. Осы мақсатта жергілікті колледждерде заманауи бағдарламалар енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, құс ветеринарлары әлемде сирек кездесетін дуадақ өсіруді қолға алмақ. Тақырыпты осы өңірдегі тілшіміз тарқатсын.
ЖАҢА МАМАНДЫҚ: АГРОХИМИК ПЕН ҚҰСТАРДЫ ЖАСАНДЫ ҰРЫҚТАНДЫРУ ОПЕРАТОРЫ
Нұргүл Жарықбасова болашақ топырақтанушы-агрохимик. Бұл оның екінші мамандығы. Бұған дейін аспаздық өнерді игерген. Тәлімгер енді зертханашы ретінде жер құнарын арттыру мен оған егін егудің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Өз алдына жеке кәсібін ашып, жылыжай шаруашылығын дамытқалы ниетте.
НҰРГҮЛ ЖАРЫҚБАСОВА, ТОПЫРАҚТАНУШЫ-АГРОХИМИК
– Қазір дамыған заман, әркім өзі жеке іс ашып жатыр. Соны өзіміз жеке жылыжай ашып істегіміз келеді. Оны басқа жерден оқи алмаймыз, өзімізге жақын. Осы он айлық курс өте тиімді бізге. Сондықтан осы оқуды таңдадым.
Ал Айғаным Амангелді жануарлар мен құстарды жасанды ұрықтандыру операторы мамандығын оқып жатыр. Колледждің 80-20 бағдарламасы бойынша аудандағы әлемде сирек кездесетін дуадақ құсын өсіретін тұқымбақта тәжірибе алмасады. Болашақта сол жерге жұмысқа орналаспақ.
АЙҒАНЫМ АМАНГЕЛДІ, ЖАНУАРЛАР МЕН ҚҰСТАРДЫ ЖАСАНДЫ ҰРЫҚТАНДЫРУ ОПЕРАТОРЫ
Құстардың өнімділігін арттыру, азық-түлік сапасын жақсарту мақсатында ашылған мамандық. Бірінші қазаннан бастап қазіргі таңда «Ренеко Қазақстан» жекеменшік өндірістік орнында біріге отырып, 80-20, яғни 80 пайыз сол жақта практикадан өтіп, жануарлар мен құстарды ұрықтандыру операторы болып шығамыз.
Елімізде жалпы топырақтанушы-агрохимик-зертханашы мамандығы тек жоғары оқу орындарында ғана оқытылатын еді. Енді ауылды жерлерде де қолжетімді болып отыр.
АЙДАРБЕК ІЛИЯСОВ, КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ
Агрохимия деген мамандық республика бойынша тек екі-ақ жерде бар, ол тек институттарда. Біздің колледжде бірінші ашылып отыр. Екінші мамандығымыз – аудандағы «Ренеко» деген компаниямен меморандум жасап, осы ветеринария ішінде құс өсіру бағытын аштық. Биылғы оқу жылында 50 бала қабылдадық.
Білім ұясында шәкірттерге қажетті барлық жағдай жасалған. Дуалды оқу жүйесі алған білімдерін өндірісте ұштауға негіз болып отыр. Жұмысшы мамандықтар жылына орай ашылған екі кәсіп те ауыл шаруашылығына өте қажетті мамандық болып саналады.