Қазіргі таңда Қазақстан – ұстанымы берік, бейбіт бастамаларымен әлемге танылған мемлекет. Егемендік алған сәттен елдің басты мұраты – татулық пен тұрақтылықты сақтау, бірлік пен берекені нығайту болды. Ал Республика күні – тәуелсіздіктің темірқазығына айналған белес. Дегенмен, арамызда бұл күннің маңызына терең үңілетіндер аз. Осыдан 35 жыл бұрын қабылданған Декларация нені өзгертті? Тарихи құжаттың мәні неде? Тілшіміз тарқатады.


1990 жыл. Кеңес Одағының шаңырағы шайқалып, егемендік шеруі басталған шақ. Халықтың көңілінде үміт пен үрей қатар өрілді. Күйреместей көрінген империяның іргесі сөгіліп, қоғамды жұмыссыздық пен тапшылық жайлады. Бар жаһанның назары Мәскеуге ауып, бір кезде қуатты саналған одақтың тағдыры талқыға түсті. Алмағайып тұста одақтас он бес республиканың әрқайсысы болашағын айқындауға бет алды. Қамырдан қыл суырғандай қадамға барған Қазақстан да азаттыққа ұмтылды.


 СӘКЕН МӘЖІНБЕКОВ – САЯСАТТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
1995 жылы қарар қабылданып, ұлттық мерекелер тізіміне енгізілді. 2001 жылға дейін тойланды. Кейінгі өзгерістерге байланысты мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Ал 2009 жылы жаңадан қабылданған заң бойынша мерекелер санатынан алынып тасталды.


1990 жылдың 25 қазаны. Жоғары Кеңестің алқалы жиынында 360 депутаттың 261-і қолдап, 18-і қарсы шыққанына қарамастан «Егемендік туралы декларация» қабылданды. Құжат елдің аумақтық тұтастығын, азаматтығын, бюджет жүйесі мен мемлекеттік рәміздерін айқындап берді.

АРУЖАН САМИДИН--ТІЛШІ
Мұнда айтылған әр сөз, әр шешім-ел болашағының тағдырын айқындады.Сол күннен бастап Қазақстанның тарихы жаңа дәуірге аяқ басты.Қазақ халқы өз жолын өзі таңдады.


 Жылдар бұрын мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған бұл күннің маңызын Президент те атап өтіп, оған «ұлттық» деген мәртебе берген болатын. Ал бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ағайындар Республика күніне аса құрметпен қарайтынын айтады.


 ТАХИРБЕК НИШАНБАЕВ – ҚАЛАЛЫҚ ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Бүгінде Президентіміздің дана саясатының арқасында 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тыныш, тату өмір сүріп жатыр. Біз осы мемлекетте туылдық, біздің отанымыз – Қазақстан. Ұлтымызға қарамастан, бүгінде бізге бар мүмкіндік теңдей берілген.


Заманауи талапқа тез бейімделіп, экономикалық үдерістерді үйлестіре білген әлемнің әр елі Республика күнін қастерлі санайды. Егемендіктің арқасында еліміз алпауыт елдерді аузына қаратқан, бейбіт бастамаларымен әлем жұртшылығын мойындатқан мемлекетке айналды. Қазақстан халықаралық аренада дипломатия мен татулықтың символы, сенім мен тұрақтылықтың тірегі ретінде танылып отыр.