Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары арасында 9-орынға ие болды. Оқуға ниет білдірген талапкерлердің саны да жыл сайын артып келеді. Бұл туралы оқу орнының ректоры Жанар Темірбекова университет ұжымы мен қоғам алдында өткен есеп беру жиынында айтты.
Университет 2025–2026 оқу жылына бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша 2 874 студент қабылдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16,3%-ға жоғары. Қазір оқу орнында 175 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланып жатыр.
ЖАНАР ТЕМІРБЕКОВА, Қ.А. ЯССАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
Қоғамдағы өзгерістерге қандай жаңа жобалармен жауап беріп жатырмыз, өңірлердің дамуына қандай үлес қосып жатырмыз – міне, осы бағыттар бойынша есеп беріп жатырмыз. Бізде екі мыңға жуық адам жұмыс істейді. Үлкен жетістіктер бар.
Есептік кезеңде университет ғалымдары да жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Зерттеушілер 1 млрд 229 млн теңге көлеміндегі ғылыми жобаларды жеңіп алған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық. Сондай-ақ, ғылыми базаны жаңарту мақсатында 2024 жылы оқу орнында 8 жаңа зертхана ашылған.