Шымкенттік 56 әскерге шақырылушы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Оларға дәстүрлі түрде салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Ерекше іріктеуден өткен жастар Астана мен Талдықорған қалаларындағы әскери бөлімдерде қызмет атқарады.
Әскери қызметті Айдос Сәбитхан бала күнінен армандаған. 18 жастағы әскерге шақырылушы жоғары оқу орнының 1-курсын енді аяқтап отыр. Оқудан үзіліс алған Айдос Мемлекеттік күзет қызметі қатарында әскери дайындықтан өтеді. Мұнда талаптар жоғары- бойы 180 см-ден кем емес, денсаулығы мықты, спорттан жетістіктері болуы шарт.
АЙДОС СӘБИТХАН, ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫ
Құдай қаласа, ертең жолға шығамыз, арғы күні жетеміз. Өз еркімізбен әскерге баруға, Отан алдындағы борышымызды өтеуге дайынбыз. Екінші курста бізде әскерге баратын болсаң, 1 жыл академиялық демалыс беріледі. Военкоматтан қағаз алып, оқуға өткіземіз. Кейін оқуды қашықтан жалғастыруға болады. Әскерден келген соң қашықтан оқуға ниетім бар.
Әскерге шақырылған 21 сарбаз - Мемлекеттік күзет қызметіне, 35 бозбала -десанттық-шабуыл әскеріне жөнелтіледі. Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерін аяқтағаннан кейін оларды Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери құрамаларына жасақтау жоспарланған.
ӘЖІМХАН ШЫНТАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Биылғы әскерге шақыру іс-шаралары қыркүйек айында басталды. 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Қазір Астана қаласына — Мемлекеттік күзет қызметі, ал десанттық-шабуыл әскерлері Талдықорған қаласына барады.
Биыл көктемде 1200-ге жуық адам әскерге жолданған. Ал күзгі шақырылымда 1500 сарбазды жөнелту жоспарланып отыр. Оның ішінде 250-і қазірдің өзінде әскерге аттанған.