Кәмелет жасына толмаған балаларға сағат 22:00-ден кейін ата-анасының бақылауынсыз көшеде немесе ойын-сауық орындарында жүруге болмайды. Сондай-ақ караоке-барлар мен түнгі клубтарда жасы 21-ге толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Шымкенттегі ойын-сауық орындары бұл ережелерді қаншалықты сақтап жүр? Мамандар түнгі рейд өткізіп, бірқатар нысандарды тексерді.


Жауапты мамандар бірнеше ойын-сауық орталықтарына бас сұғып, мекеме әкімшілігіне ескерту жасады. Кафе, бар, мейрамхана және компьютерлік клубтар тексеріліп, жасөспірімдердің тыйым салынған уақытта, рұқсат етілмеген өнімдерді тұтынбауы қадағаланды


САПАРҒАЛИ МАМЫТОВ, ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ
Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы түнгі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында болған 322 жас және сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз жүрген 7100 жасөспірім анықталды.


 Ереже бұзған жасөспірімдердің ата-аналарына алдымен ескерту жасалады. Егер жағдай қайталанса, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Кезекті рейд барысында мамандар бірнеше дәмхана мен түнгі ойын-сауық орындарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ БАСШЫСЫ
9 айдың қорытындысы бойынша ойын-сауық орындарында заңды өкілінсіз жүрген кәмелетке толмаған 30 жас анықталды. Сондай-ақ саябақтар мен көшелерде жүрген 200-ден аса жеткіншекке айыппұл салынып, ескерту жасалды.


Рейдтік іс-шара нәтижесінде 101 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында жүрген 4 жасөспірім және ата-анасының сүйемелдеуінсіз тұрғын үйден тыс болған 94 жеткіншек анықталды.