Ордабасы ауданының Төрткүл ауылында волейболдан Түркістан облысының чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға 2009–2010 жылы туған ұлдар қатысты. Жарысқа өңірдің барлық аудан-қалаларынан 13 команда, барлығы 156 жас спортшы жиналып, өзара мықтыны анықтады.
Тартысты өткен кездесулердің қорытындысы бойынша Сайрам ауданының командасы қарсыластарынан басым түсіп, облыс чемпионы атанды. Кентау қаласының командасы күміс жүлдені иеленсе, Сарыағаш ауданының волейболшылары үздік үштікті түйіндеді. Айта кетейік, бұл чемпионатта көзге түскен спортшылар енді қарашаның 5–12 аралығында Шымкент қаласында өтетін ел біріншілігінде Түркістан облысының намысын қорғайды.
БЕХРУЗ САБЫРЖАН, САЙРАМ КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ
Төрт жыл болды волейболмен айналысып келеміз. Қазақстан чемпионатында екі рет, облыс чемпионатында бес рет жеңімпаз атандық.
Жарыс барысында жекелей шеберлігімен көзге түскен спортшылар да марапатталды. «Үздік ойыншы» атағы Кентау қаласынан келген Бейбарыс Еркөкшеевке бұйырса, «Үздік қорғаушы» номинациясын Сарыағаш ауданының өкілі Мейрамбек Пердеш иеленді.
СЕРЖАН ЖҰМАБАЕВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
Жарыстың басты мақсаты – қараша айының басында өтетін Қазақстан чемпионатына облыс құрамасын іріктеу.
Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері марапаттап, арнайы кубоктар мен медальдарды табыстады.