Марат Әзілханов жастармен өткен кездесуден соң қалалық этномәдени бірлестік төрағаларымен жүздесті. Алқалы жиын сұрақ-жауап форматында өрбіді. Этнос өкілдері ортақ мүдде – бірлік пен ынтымақ жайын сөз етті. Төраға орынбасары осы бағытта атқарылуы тиіс және атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын баяндады.
Латифша Асановтың айтуынша, Түркияда 60-тан аса қазақ қайраткерлеріне арналған көше атаулары мен ескерткіштер, мептеп-мекемелер бар. Оның 27-сіне Шымкенттік этно-мәдени бірлестік өкілдері ұйытқы болған. Олар екі араны байланыстырып, достық қатынасты нығайтып жүр. Мұның бәрі кезінде көрсетілген қамқорлықтың өтеуі, - дейді ол.
ЛАТИФША АСАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТҮРІК ЭТНО-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Бабаларымыз бізге былай деп өсиет айтып кеткен: «жасалған жақсылықты ұмытуға болмайды!» «61 ашылған ескерткіш, саябақ, көшенің 27-не тікелей менің қатысым бар. Жаңа айттыңыз ғой Ассамблея не жасап жатыр деп, міне біздің жасап жатқанымыз осы. Инвистиция тарту, мәдениетімізді көрсету.»
Жиында елдің тұрақты дамуы мен ішкі бірлікті бекемдеу жолында этнос аралық татулықтың мән-маңызы жоғары екені айтылды. Қоғамдық құрылым жетекшілері ұсыныс пікірлерін жолдап, ой қосты. Ынтымақты нығайту мақсатында жарық көретін «Қазақстану» журналын таныстырып, шолу жасады. Өз кезегінде Марат Әзілханов жергілікті белсенділерге алғыс айтып, ортақ мүдде жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
МАРАТ ӘЗІЛХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Ассамблея мүшелері Шымкентте өте жоғары деңгейде жұмыс атқарып жатыр десем болады. Ынтымағы жарасқан ел.» «Белсенді жұмысымен қоғамдағы бірлікті ілгерілетіп келеді.»
Жиын барысында этнос өкілдері алға қойған жоспарларын баяндап, идеяларын пысықтады. Төраға орынбасары айтқан бағыт-бағдарды түртіп алып, соның негізінде жұмыс жасалатынын жеткізді.