Сөз зергері, руханият шырақшысы, қаламының ұшымен қоғамның үніне айналған дарын иесі Ғалымжан Елшібай 50 жасқа толды. Ақпарат айдынында абыройлы еңбек жолын қалдырған журналистің мерейтойына әріптестері жиналып, ақжарма тілектерін арнады.
Сан жылдар бойы журналистиканың дамуына аянбай қызмет етіп, талай маңызды тақырыпты тереңінен қаузаған Ғалымжан Қамытбекұлы Төлеби ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын туған жерінде бастаған ол, басшылықтың биік мінберінен де, редакцияның қара шаңырағынан да көрініп, әр істі жауапкершілікпен атқаруды өмірлік парызы санайды. Замандастары ұлттың үнін асқақтатуға қосқан үлесі жайлы естеліктерімен бөлісті.
ӘМІРХАН МЕҢДЕКЕ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Журналистиканың бүкіл қыр-сырын меңгеріп, үлкен мектептен өткен адам ол -біздің Ғалымжан Елшібай. Біз «Жас Алашта» бірге істедік. Мен сонда ұзақ жыл бас редактордың бірінші орынбасары болдым. Ғалымжан осы Шымкент облысының тілшісі болды.
Ғалымжан тілшілік істеп жүріп, Түстікте меншікті тілшілер клубын құрды. Кәсіби журналистерді бір шаңырақ астына жинап, қоғамдық бірлестіктің өркендеуіне атсалысты. Елу жасқа келген азаматты дүйім жұртшылық құттықтап, Парламент төрағасы мен қала әкімдері алғыс хат жолдады.
ЗАХАРДИН ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ, ЖУРНАЛИСТ
Ғалымжан Елшібайды көптен бері білемін. Қазір Шымкент, Түркістан облысы және жалпы қазақстандықтар жақсы біледі. Өйткені, көптеген танымал газет-журналдарда қызмет етіп келеді. Түркістанның тілеуіне журналистер белсенді атсалысып жүр. Солардың бірі -Ғалымжан. Осында баспасөз саласының жетекшісі, басқа да журналистерді ұйымдастырушы. Сондықтан оның осындай құрметке ие болатынына қуанамын.
Ширек ғасырдан астам уақыт бойы ақпарат саласының көшін бастаған ол талай шәкіртке бағыт-бағдар берді. Уақыттың тынысын дәл басып, елдің еңсесін көтерер сөз айтқан азамат білімі мен тәжірибесін туған елдің ақпарат кеңістігін өркендетуге арнап келеді. Мерейтойға жиналғандар журналистің шығармашылық жолына сарқылмас шабыт тілеп, ізгі ниетін білдірді.