Шымкентте Иран Ислам Республикасының сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтіп жатыр. Тауар өндірушілердің дәстүрлі іс-шарасына Парсы елінің кәсіпорындары қатысуда. Көрмеде құрылыс, ауыл шаруашылығы, инженерлік-техникалық, сауда және инвестициялық бағыттағы жетекші компаниялар өз өнімдерін мегаполис тұрғындарына ұсынуда.


Дәстүрлі көрме Шымкент қаласында биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған Иран Ислам Республикасының 20-дан астам жетекші компаниясы қатысуда. Іс-шара Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге, инвестициялық жобаларды ілгерілетуге және жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашуға ықпал етеді, – дейді қатысушылар.


 ГУЛИЗАДЕ, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТАУАР ӨНДІРУШІСІ
Біздің басты мақсат – өз өнімімізді Қазақстанда сату. Сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасын нығайту. Сол үшін Шымкентте өтіп жатқан Иран Ислам Республикасының тауар көрмесіне қатысып отырмыз. Біз түрлі химиялық ұнтақтар, кілем бұйымдары, тұрмыстық техника және өзге де қажетті тауарларды алып келдік.


 Көрмеге Иранның Сауда палатасы мен экспортты басқару орталығы, сондай-ақ Иран мен Қазақстанның іскерлік қауымдастықтары қатысып, отандық кәсіпкерлермен тікелей әріптестік байланыс орнатты.


МАЗИЯР ЗАНТ, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХОРАСАН ОБЛЫСЫ САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біз Хорасан облысынан көптеген өндірушілердің тауарын алып келдік. Негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері. Мақсатымыз – Иран өндірушілерінің тауарларын Қазақстан нарығына таныстыру. Сондай-ақ құрылысқа арналған өнімдерді де жеткізуге мүмкіндік бар. Қазақстан – Азиядағы ет өнімдерін өндіретін жетекші елдердің бірі. Біз бұл елден ет өнімдерін, сондай-ақ ірі қара мен мал азығын сатып алуға ниеттіміз. Әрине, мұның бәрі өзара келісім арқылы жүзеге аспақ.


Қазақстан тарапынан іс-шараға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысуда. Айта кетейік, сауда-өнеркәсіптік көрме 15 қазанға дейін жалғасады.