Қазығұрт ауданында “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық бағдарламасы аясында жалпы аудандық сенбілік өтті. Ауқымды іс-шараның мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау идеясын кеңінен насихаттау және аудан аумағын тазалау мен көгалдандыруға үлес қосу. Сенбілік жұмыстары ауданға қарасты 13 ауылдық округте ұйымдастырылды.


 Табиғатты аялау шарасына үш мыңға жуық адам қатысты. Бұл жолы мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, білім және медицина саласының қызметкерлері қолға сыпырғыш алып, көшелерді тазалады. Экологиялық акцияға 16 арнайы техника жұмылдырылып, күл-қоқыс полигонға шығарылды.


НҰРСҰЛТАН МЕДЕУОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Ауданымызда жыл он екі ай бойы сенбілік жұмыстары жүргізіліп келеді. Көктем басталғалы апта сайын тазалық шаралары өтуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Президентіміз бес жылдық жоспар белгілеген. Барлық мекеме мен ауыл тұрғындарын сенбілікке бірауыздан қатысуға шақырамын.


 «Таза Қазақстан» - тек экологиялық бастама ғана емес, бұл – әр азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Табиғатты аялау, тазалықты сақтау – баршамыздың ортақ парызы, дейді аудан тұрғындары.


ГҮЛЖАҺАН ТІЛЕМИСОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

Президент Жолдауы аясында аудан әкімінің ұйымдастыруымен “Таза Қазақстан” акциясы тұрақты түрде өтіп жатыр. Апта сайын өзімізге бекітілген аумақтар мен аулаларды тазалауға қатысып келеміз. Бұл – өзіміз үшін де пайдалы іс. Жастарға үлгі болсын деп, бәрін тазалыққа шақырамыз.


 “Таза Қазақстан” акциясы қоршаған ортаның тазалығына, елдің жасыл келешегіне бейжай қарамайтын жандарды біріктіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі бастама болып қала бермек.