Түркістан облысы, Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысы басталмақ. Ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жабағылы ауылындағы «Қарқын Трейд» серіктестігінің құс етін өндіру зауытының капсуласын салып, жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.


Жобаға жалпы 53,7 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Кәсіпорын жылына 48 мың тоннаға дейін құс етін өндіруді көздеп отыр. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан 5 млрд теңге несие берілмек.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

«Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Себебі бір күнде қос бірдей жаңа өндіріс нысандарының құрылысы мен ашылуына куә болып отырмыз. Атап айтқанда, Күмісбастау ауылында сусын өндіретін зауыт іске қосылса, Жабағылы ауылында құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа фабриканың құрылысы басталғалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.»


Сонымен қатар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Жоба іске қосылғанда 1 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.


КЕҢЕСБЕК ЖАРТЫБАЕВ, ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ

«Құс фабрикасына Түлкібас халқы үлкен үміт артып отыр. Бұрын дәл осы жерде 1 200 адам жұмыс істеген “Ақсу-Жабағылы” құс фабрикасы болған. Мен сол жерде 11 жыл директордың орынбасары болдым. 30 жылдан бері жаңа құс фабрикасы соғылады деп күткен азаматтардың бірімін. Бүгін облыс басшысы келіп, капсуласын салған сәт - халық үшін зор қуаныш пен сенім тудырды.»


 Кәсіпорын 517,7 гектар жерде орналасады. Жоба аясында 96 құс фермасын, инкубатор, құрама жем зауытын, газ-электр станциясын, құс сою және қалдық өңдеу цехтарын, сондай-ақ тоңазытқыш қоймаларды салу жоспарланған.


НҰРМАХАН ӘБДІБАЕВ, ИНВЕСТОР

«Түркістан облысы үшін бұл — маңызды жоба. Себебі өңірде құс фабрикаларының өндірісі өте аз. Сондықтан бұл кәсіпорынның маңызы зор. Жоба іске қосылғанда ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Біз жас мамандарды жұмысқа тартып, оларды оқытып, тәжірибеден өткіземіз. Шетелдік мамандарды да шақырып, тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмыз.»


Жоба үш кезеңнен тұрады. І кезең 2026–2027 жылдары жүзеге асырылады, оған 21,9 млрд теңге инвестиция салынып, 550 жұмыс орны ашылады. ІІ кезең 2028–2029 жылдары, ал ІІІ кезең 2029–2030 жылдары орындалады. Жоба толық іске қосылғанда 48 мың тонна өнім өндіріліп, 325 тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.