Өңір жылуына 7 кәсіпорын жауапты. Негізгісі - жылу энергетика кешені. Онда 2 мыңнан аса орталықтандырылған және автономды қазандық бар. Барлық нысан қыс маусымына қажетті дайындық жұмыстарын жасап, тексерістен өткен.


Жылыту маусымына Түркістан өңірі қаншалықты дайын? Сауал облысы әкімінің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде талқыланды. Нұралхан Көшеров жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуі қажет екенін алға тартып, жауаптыларға тапсырма жүктеді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

– «Жылыту қазандықтарын жөндеу жұмыстарын шұғыл түрде аяқтауды тапсырамын. Жылыту маусымына дайындық бойынша кемшілікке жол берілмеуі қажет.»


 Аппарат отырысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндама жасады. Айтуынша, дайындық жұмыстары өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Ауыл-қалалардағы қазандықтар, жылу желілері түгел тексеріліп өңдеуден өткен.


 ТОҚТАР УСУБАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Түркістан облысында жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамында 1 жылу энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2083 автономды қазандық бар. Жылу нысандарында жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық жүргізілді.»


Айта кетейік, бүгінде жылыту маусымы Түлкібас ауданында басталып кеткен. Қалған аудан, қалаларға жылу 15 қазан мен 1 қараша аралығында беріледі.