Жыл басынан бері 5 мыңнан астам қазақстандық жұмыс күші аз өңірлерге қоныс аударған. Оның ішінде 2 мыңға жуығы - шетелден келген қандастар. Қоныс аударғандардың дені Павлодар облысын таңдаған - 1 886 адам. Солтүстік Қазақстан облысына - 1 516, Қостанай облысына - 575, Шығыс Қазақстанға - 490, Абай облысына - 305, Ақмолаға -257, Атырауға -103, Ұлытауға -43 және Қарағанды облысына -38 адам көшіп барған.
Шетелден келген қандастардың басым бөлігі Өзбекстаннан - 612 адам. Қытайдан - 563, Моңғолиядан - 377, Ресейден - 84, ал Түрікменстаннан - 49 адам оралған. Қоныс аударғандардың 2 300-і - жұмысқа қабілетті азаматтар. Олардың 1 000-нан астамы тұрақты жұмысқа орналасып, 38 адам кәсіпкерлікпен айналысуда. Айта кетейік, ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында мемлекет көшіп барған отбасы мүшелерінің әрқайсына 70 АЕК мөлшерінде бір реттік субсидия төлейді. Сондай-ақ, алғашқы 12 ай бойы тұрғын үй жалдау ақысын өтеуге көмек көрсетіп, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.