Жаңа Салық кодексі ел экономикасын ынталандыруға бағытталған. Құжатта салықтық есептілікті 30 пайызға қысқарту және салық түрлерін 20 пайызға азайту көзделген. Заңнамадағы осы және өзге де өзгерістер Энергетика, Қаржы, Сауда және интеграция, сондай-ақ Ұлттық экономика министрліктері өкілдерінің шымкенттік кәсіпкерлермен кездесуінде кеңінен талқыланды.


 Жиында алғашқы болып сөз алған Энергетика вице-министрі Қуанышбек Тұтқышбаев еліміздегі жанармай бағасының өсу себептерін түсіндірді. Оның айтуынша, бензин мен дизель отынының бағасы көршілес елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан, бұл көлеңкелі экспорттың көбеюіне әкеледі. Ал Ресейдегі өндіріс қуатының қысқаруы елімізде отын тапшылығын туындатып отыр.


ҚУАНЫШБЕК ТҰТҚЫШБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ

Жанар-жағармай бағасын арттыруға бағытталған шаралардың арқасында ішкі нарықтың қажеттілігі толық қамтамасыз етілуде. Осыған байланысты қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Әлеуметтік осал топтарға арналған жылу электр станцияларына бағасы нарықтық құнынан 45–50 пайыз төмен 280 мың тонна мазут, ал ауыл шаруашылығы саласына 800 мың тонна дизель отыны 15–20 пайыз жеңілдікпен беріліп отыр.


Жаңа Салық кодексінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін рұқсат етілетін және тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізбесі нақтыланды. Қарапайым әрі түсінікті ережелер енгізіліп, шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жеңілдетілген салық режимдері сақталады. Ал ірі кәсіпорындар бұл санатқа енбейді. Сондай-ақ, салық берешегін өндіру тәртібі де өзгерген.


ЕДІЛ ӘЗІМШАЙЫҚ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ

Салық берешегін өндіру енді берешек мөлшеріне қарай жүзеге асырылады. Бұрынғыдай 6 айлық есептік көрсеткіш емес, енді 20 АЕК-тен асқан жағдайда ғана шаралар қабылданады.


Кездесуде кәсіпкерлер коммуналдық тарифтердің қымбаттауы, құрылыс саласындағы сметалық құжаттамалардың ескіргені және салық жүйесіндегі қайшылықтар бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырғанын айтты.