Қазақстан алдағы үш жылда цифрлық мемлекетке айналуды көздеп отыр. Бұл міндет Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқын көрсетілді. Президент еліміздің дамуын жеделдетудің басты тетігі ретінде цифрландыру мен инновациялық технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті. Бүгін Абай аудандық ардагерлер кеңесі Жолдауды талқылап, жасанды интеллекттің маңызына тоқталды.


 Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, білім мен денсаулық сақтау жүйелерін жаңғырту - еліміздегі цифрландыру саясатының негізгі бағыттары. Бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Цифрлық серпін» идеясымен үндесіп, білім мен технологияны ұштастыру арқылы елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға жол ашып отыр. Жиында сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы жасампаз ел үшін жасанды интеллектті дамыту қажеттігін жеткізді.


 КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Жолдауда жастарды тәрбиелеу мәселесі де қамтылған. Қазір жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Егер бұл бағытта жұмыс жүргізбесек, мемлекет артта қалуы мүмкін. Президент те атап өтті: жасанды интеллектке байланысты жастардың мінез-құлқы да өзгеріп келеді. Сондықтан дәстүр мен ұлттық құндылықтарды сақтап, оны жас ұрпаққа үйретуіміз қажет деп есептеймін.


Басқосуда жастардың цифрлық сауаттылығын арттырудың маңызына ерекше назар аударылды. Сандық дәуірге бейімделген, технологияны терең меңгерген жас буын - жаңа Қазақстанның тірегі мен болашағы, дейді ұйымдастырушылар.


 ҰЛЫҚПАН БАШЕНОВ, АБАЙ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Мұның өзі бірнеше бағыттан тұрады. Соның ішінде менің көңіліме жақыны – жастар тәрбиесі. Жастарға жасанды интеллект дегеннің не екенін түсіндіру, онымен жұмыс істеуді үйрету маңызды. Осы мақсатта бүгін Абай аудандық ардагерлер кеңесі қалалық кеңестің тапсырмасымен ақсақалдар мен студенттерді жинап, жиын өткізіп отырмыз.


Бүгінде цифрландыру жүйесі жоғары оқу орындарына да енгізіліп жатыр. Білім берудің негізгі тетігіне айналған «AI-Sana» бағдарламасы арқылы студенттер заманауи технологияларды игеріп қана қоймай, жасанды интеллект саласында өз жобаларын әзірлеуге мүмкіндік алып отыр.


ГҮЛЖАН СҮГІРБАЕВА, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ РЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ

Екі жыл бұрын «AI-Sana» бағдарламасы енгізілді. Ол барлық университеттерде цифрлық технология мен жасанды интеллектті пайдалана отырып жұмыс істеуге бағытталған. Бұл жүйенің пайдасы зор. Студенттер жасанды интеллектпен жұмыс істеуді меңгеріп, өз жобаларын дамытуға дағдылануда.


 Инновациялық технологияларды дамыту арқылы Қазақстан ғылым мен білімді жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Интеллектуалды жүйелерді енгізу ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейтіп, білім беру үдерісін заманауи талаптарға сай жетілдіреді. Мұның барлығы еліміздің технологиялық дербестігін нығайтып, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.