Шаһарда ерекше балалардың қатысуымен «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорттық фестиваль өтті. Спорттық сайысты «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы мен қалалық Бочча федерациясы ұйымдастырды.
Балалар инклюзивті спорттық фестивальде бочча, «Көңілді старттар» және жеңіл атлетика бағыттары бойынша сынға түсті. 16 мектептен жиналған 132 оқушы 44 командаға бөлініп бақ сынасты.
БИБІГҮЛ ЖҮНІС, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЧЧА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ
Бүгінгі инклюзивті фестиваль «Тең мүмкіндіктер» деп аталады. Мектепаралық деңгейде өтуде. Ереже бойынша, бір командада екі дені сау және бір ерекше қажеттілігі бар бала қатысады. Негізгі мақсат – инклюзивті орта қалыптастырып, командалық рухты дамыту.
Инклюзивті спорттық жарыс қалада былтыр да өткен. Мұндай фестивальдің мақсаты - ерекше қажеттіліктері бар балаларды спорт арқылы қоғам өміріне бейімдеу, олардың әлеуетін арттыру және тең мүмкіндік қағидатын кеңінен дәріптеу.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл бағытта Шымкент қаласының әкімдігі мен басқармалары партия бастамасымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Партия белсенділері мен фракция мүшелері демеушілік жасап, сайысты қорытындылайды. Барлық жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен медальдар табысталады. «Кедергісіз әлем» құру – біздің басты мақсатымыз. Біз «Тең қоғам – мүмкіндіктер әлемін» қалыптастыруға күш саламыз.
Жарыс жеңімпаздары мен қатысушыларына алғыс хаттар, медальдар және арнайы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жеңіске жеткен командалар қараша айында Астана қаласында өтетін ақтық сынға жолдама алды.