Қоқыс полигоны саябаққа айналады. Абай ауданы аумағында «Экопарк» кешенінің құрылысы жұмыстары басталған. Жоспарға сәйкес онда 7 мың ағаш көшеті отырғызылады. Демеушілер есебінен 9 дана су ұңғымасы қазылып, 13 гектарға автоматты суғару жүйесі орнатылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек баспасөз брифингінде мәлімдеді.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Биыл 54 шақырымды құрайтын 27 магистралды көше абаттандырылып, газон мен суғару жүйелері жаңарған. Жасыл аймақты суғару үшін 32 дана су ұңғымасы іске қосылған. Жаңа шағын аудандарды көгалдандыру мақсатында көктемде 3000 ағаш егілген. Күз маусымы аяқталғанша тағы 2600 көшет отырғызылады. Сондай-ақ Сәрсен Құранбек жаңадан бой көтеріп жатқан «Эко» парк кешені кімдерге арналатынын, ішінде қандай мүмкіндіктер болатынын атап өтті.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
– «Қаламыздағы ең бір көрікті орындардың бірі болмақ. Мұның ішінде ойын алаңшасы, жүгіру жолағы болады. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған үлкен бір демалыс аймағы болады деп жоспарлап отырмыз.»
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Биыл 1643 жас «Жастар практикасымен» жұмысқа орналасқан. Әкімдік жыл соңына дейін көрсеткішті 2000 адамға жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 346 жас маман екі қолға бір күрек ұстаған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
- «Бағдарламаларға қатысу үшін жастар Enbek.kz порталына жұмыссыз ретінде тіркеліп, аудандық мансап орталықтарынан мәлімет ала алады.»
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматына жалғасты. Ресми өкіл журанлистер жолдаған сауалдарға жеке-дара тоқталып, толыққанды жауап берді.