Шымкентте соңғы бес жылда экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) әдісімен 567 сәби дүниеге келді. Талай отбасының жылдар бойғы бала сүю арманы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің көмегімен орындалуда.


Биыл Шымкент қаласы бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек түріне 400-ден астам квота бөлінген. Қазіргі таңда 38 әйел жүктілік кезеңінде бақылауда тұр. Бедеулік мәселесімен күресіп жүрген отбасыларға арналған ЭКО қызметі туралы осы және өзге де мәліметтер «Экомед-Шымкент» клиникасының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шарада мәлім болды. Мамандардың айтуынша, ЭКО әдісімен бала сүюге ниетті әр ерлі-зайыпты медициналық көрсеткіштерге сәйкес тегін жолдама ала алады. Қазіргі таңда елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру қызметін 19 медициналық ұйым көрсетеді. Оның үшеуі Шымкент қаласында орналасқан. Олар – «Репродуктивті медицина институты», «Экомед-Шымкент» және «ЭКО центр доктора Тарарака» клиникалары. Айта кетейік, бұрын Шымкент тұрғындары ЭКО жасату үшін Алматы мен Астанаға баруға мәжбүр болса, бүгінде жергілікті клиникаларға жүгінетіндер қатары артып келеді. Себебі өңірдегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайып, білікті мамандар саны артқан.