Ел аумағында егін жинау науқаны жүріп жатқан шақта кейбір арам пиғылды адамдар қамбаға көз тігіп, астық ұрлауға тырысқан. Мұндай деректер Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қорғау мақсатында «Егін» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Тәртіп сақшылары тәулік бойы күзетте. 55 жылжымалы топ құрылып, кезекшілік атқаруда. Полиция қызметкерлері шамамен 2 мыңға жуық астық сақтау және өңдеу нысандарын тексерген. Нәтижесінде астық ұрлаудың 8 дерегі анықталды. Тәркіленген мүліктің жалпы көлемі — 141 тонна астық, 170 келіден астам дәнді дақыл және 200 литр жанармай. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасына тиесілі 15 қосалқы бөлшек те қолды болған. Қылмыстық дерекке қатысы бар деген күдікпен 18 адам ұсталды.