Қала әкімі Қаратау ауданында орналасқан «Ифтихари» шаруа қожалығының жылыжай кешеніне барды. Мұнда 30-ға жуық адам еңбек етеді. Кешен жыл сайын ішкі нарыққа 500 тоннаға дейін өнім шығарады. Әкім жылыжай шаруашылығын дамыту мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
Ғабит Сыздықбеков «Өтеміс» тұрғын алабындағы «Meat Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңын аралады. 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын ірі қара мал бордақылаумен айналысады. Өнімдері ішкі нарыққа және еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтіледі. Мұндай жобалардың дамуы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, қаланың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Әрі қарай әкім Еңбекші ауданындағы 110/10 кВ «Сайрам» электр қосалқы станциясын жаңғырту барысымен танысты. Бұл нысан «Базарқақпа», «Сайрам», «Қызылсу», «Абдуллабад», «Тассай», «Достық», «Шаңырақ», «Бадам-1» және «Бадам-2» шағынаудандарын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Жаңғырту жұмысы аяқталған соң, станцияның қуаты 16 мыңнан 25 мың мегаваттқа дейін ұлғайып, тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарының өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ әкім Әл-Фараби ауданы, Ә.Жангелдин көшесіндегі №3 үйдің ауласында демеушілер есебінен абаттандырылған жаңа қоғамдық кеңістікті аралады. Аумағы 600 шаршы метрді қамтитын демалыс аймағында тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда субұрқақ пен орындықтар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы салынды және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.Қаланың көркеюіне үлес қосқан демеуші мен мердігер ұйымдарға алғыс білдірді. Бұдан бөлек, «Мұз сарайында» болып, нысанның қазіргі жағдайымен және жаттығу өткізуге жасалған мүмкіндіктермен танысты. Жауапты тұлғаларға көпшілікке арналған мұз айдынын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Қаланың спорттық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.