Қазақстанда халық денсаулығын сақтау мен аурудың алдын алу бағытында скринингтік тексерулердің маңызы жылдан-жылға артып келеді. Скрининг – дертті ерте кезеңде анықтап, уақытылы ем қолдануға мүмкіндік беретін ең тиімді медициналық шаралардың бірі. Дәрігерлердің айтуынша, профилактикалық тексеруден өту әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін көрсетеді.
Қазіргі таңда елімізде скринингтік бағдарламалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізіледі. Бұл дегеніміз – сақтандырылған әрбір азамат жоспарлы тексерулерден еш шығынсыз өте алады. Мұндай мүмкіндік халықтың барлық санатына, соның ішінде балаларға, әйелдерге және егде жастағы азаматтарға арналған.
Скринингтің басты мақсаты – қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтап, асқынудың алдын алу. Әсіресе жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, қатерлі ісік және тыныс алу жүйесіне қатысты аурулар көп кездесетіндіктен, дәл осы бағыттағы тексерулерге ерекше назар аударылуда. Дәрігерлердің мәліметінше, ерте анықталған дертті емдеу оңай әрі тиімді.
Медицина саласындағы мамандар скринингтік тексерулердің нәтижесінде емделушілер саны азайып, аурушаңдық көрсеткіші төмендегенін айтады. Бұл профилактикалық шараның тек жеке адамның ғана емес, қоғамның да денсаулығына әсер ететінін дәлелдейді.
Соңғы жылдары медициналық ұйымдар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, зертханалық диагностика сапасы едәуір артты. Скрининг кезінде алынған нәтижелер электронды базаға енгізіліп, әр азаматтың денсаулық паспорты арқылы сақталады. Бұл дәрігерлерге науқастың жағдайын үнемі бақылап отыруға мүмкіндік береді.
МӘМС жүйесінің енгізілуі халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігін айтарлықтай арттырды. Сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылатын скринингтік тексерулер тұрғындарға тегін, ал қызмет сапасы жеке клиникалар деңгейінде жүргізілуде. Бұл өз кезегінде алдын алу мәдениетін қалыптастырып, профилактикаға деген көзқарасты өзгертті.
Әр жас тобына арналған скринингтер де нақты белгіленген. Мәселен, әйелдер үшін сүт безі мен жатыр мойны обырына, ерлер үшін жүрек-қан тамырлары ауруларына, балалар үшін даму динамикасына байланысты жоспарлы тексерулер өткізіледі. Бұл кешенді жұмыс жүйелі түрде әр өңірде жыл бойы ұйымдастырылып отырады. Скринингтік бағдарлама – денсаулық сақтау жүйесіндегі ең тиімді инвестициялардың бірі. Ерте диагноз – ұзақ өмірдің кепілі. Сондықтан дәрігерлердің басты үндеуі – әрбір азамат өз денсаулығына бейжай қарамай, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп тұруы қажет.