ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің 50-ші отырысы облыс орталығы Түркістанда өтті. Құқықтық тәртіпті нығайтуды көздеген кеңес – полиция құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлейді. Алқалы жиынға Қазақстан атынан министр Ержан Саденов бастаған ІІМ өкілдері және Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Өзбекстан елдерінен делегациялар қатысты.

Мұндай кеңестер ішкі істер министрліктері арасында өзара тәжірибе және ақпарат алмасуға жәрдемдеседі. ТМД-дағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросының қызметіне басшылық етеді. Алма ғайып кезеңде, шұғыл әрекет ететін ел аралық байланыстың маңызы айтпаса да ұғынықты.

Жиында жалпы саны 10-ға жуық мәселе қаралды. Олардың дені: есірткінің заңсыз айналымы, киберқылмыс, заңсыз көші қонға қарсы іс қимыл, сондай-ақ азаматтарды мемлекетаралық іздестіру бойынша ынтымақтастықты арттыру. Халықаралық бақыланатын жеткізуді ұйымдастыру және жүргізу тәртібі туралы шарт жобасы мақұлданды.

МИХАИЛ СТАРИКОВ- БЕЛАРУСЬ ІІМ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ  БАСТЫҒЫ

- Аталмыш форумның қылмыс әлеміндегі түрлі әрекеттердің алдын алуға ықпалы зор болмақ. Мәселен, соңғы жылдары саны артып отырған киберқылмыспен күресуде Беларусь мемлекетінің үздік тәжирибеге ие екенін білесіздер. Осы бағытта білгенімізбен бөлісіп,әріптестермен ашық пікір алмасуға келдік.

Өзара пікір алмасып, кешенді мәселелерді талқылаған тәртіп сақшылары – 2024-2028 жылдарға арналған жол жүру қауіпсіздігі шараларын да назардан тыс қалдырмады. Аталмыш ұйымның құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр.