Балалар ортопеді әр перзентханада болуы керек. Ортопед Мүслім Арыстанов осындай пікірде. Бұл балалардың туа бітті ақауын дер кезінде анықтап, емдеуге мүмкіндік береді дейді дәрігер.

 Медицина саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ортопед-дәрігер Мүслім Арыстанов Шымкентте жалпы балалар ортопедиясы жақсы дамығанын айтады. Балалар ауруханасында маман тапшылығы жоқ деуге болады. Алайда, тапшылық емханаларда бар екенін жасырмайды.

Балалардағы тірек-қимыл аппаратының бұзылуы қазір жиі кездесетін диагноз дейді мамандар. Ақаулар туа бітті, даму барысындағы немесе жарақат пен спорттық жүктеме нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Ерте диагностика тым маңызды. Сол үшін 3 айынан бастап баланы арнайы тексеруден өткізіп тұру ұсынылады.

 Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, балалардың 10-15 пайызында жеңіл деңгейде омыртқа қисаюы байқалады. Оның ішінде 2-3 процентіне арнайы емдеу қажет болуы мүмкін. Ал 5-15 жас аралығындағы балалардың шамамен 30% белгілі бір деңгейде ортопедиялық жарақат алады. Бұл статистика мәселенің өзекті екенін және ерте анықтау мен ерте емдеудің маңызын көрсетеді.