Жасанды интеллект: Білім берудегі жаңа мүмкіндіктер. Дәл осы тақырып аясында «Al – Farabi Bilim» мектебінде семинар өтті. Оған қаламыздағы білім ошақтарының жас мамандары қатысып, тың тәсілдер арқылы өткен ашық сабақтарға баға берді. Толығырақ алдағы сюжетте.
Білім берудегі жаңашылдықтарға бағытталған дәрістердің тақырыбы әртүрлі болғанымен, мақсаты бір. Жас педагогтардың шығармашылық әлеуетін дамытып, кәсіби және әдістемелік шеберлігін арттыруға, оқу-тәрбие үдерісіне заманауи инновацияларды іздеу, талдау және тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған.
Семинар барысында жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне интеграциялау арқылы білім сапасын жақсарту жолдары көрсетілді. Бұл ретте, қызығушылық танытып, ғылыми жобаларды қолға алған оқушылар да бар екен. Олардың да еңбектері көпшілікке таныстырылды.
Ашық сабақтарға қатысқан жас мамандар жасанды интеллект құралдарын тиімді қолданумен қатар, жоспарлауды, оқу тапсырмаларын автоматтандыруды үйренді. Олар тың әдіс-тәсілдердің алдағы уақытта  өз тәжірибелерінде қолданатындарын жарыса жеткізді.
«Al – Farabi Bilim» мектебінің ашылғанына биыл 5 жыл. Осы уақыт аралығында шәкірттері талай білім додаларында топ жарып, ғылыми жобалары жарық көруде. Ол әрине бірінші кезекте жаңашыл ұстаздардың еңбегі екені даусыз.