Шымкенттіктер «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің күміс жүлдегері Ерсұлтан Мұзаппаровты қарсы алды. Әуежай аспанын әнмен көмкеріп, ұлттық ойынның сәнін келтірген азаматқа зор құрмет көрсетті. Қаладағы спорт мектептерінің шәкірттері мен ұстаздар, жергілікті спортшылар жүлдегерді жас ұрпаққа үлгі етті.

Дәстүрлі «Қазақстан барысы» турнирінде «Түйе балуан» салмақ дәрежесінде 42 спортшы қатысқан. Жерлесіміз 4 белдесу өткізіп, абайлық Ерасыл Қажыбаевқа есе жіберді. Күміс белбеуге қол жеткізіп, шымкенттіктерді қуанышқа бөледі.

 ЕРСҰЛТАН МҰЗАППАРОВ, «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІНІҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ

Салмақ жетіспей қалды. Жалпы көптен күтіп жүрген белбеу еді. Қол жетті. Жерлестердің қолдауына рахмет. Хабарласып құттықтап жатыр. бүгін де ерекше құрмет көрсетіп жатыр.

 Осылайша шымкенттік балуандар “Қазақстан барысы” республикалық турнирінде алғаш рет жүлдегер атанып отыр. Ерсұлтанның бапкері балуанның бабын келтіріп, алдағы уақытта бағын жағуға күш саламыз,-деп отыр.

 НҰРЖАН РЫСКИЕВ, Е.МҰЗАППАРОВТЫҢ БАПКЕРІ

Сәл ғана сәттілік жетіспеді. Көзі қырақты көрермен байқады, өзінен үлкен салмаққа төтеп бере білді. Жалпы алда енді салмағын қосуымыз керек. Түйе балуандармен шығып жатыр. Осының өзі үлкен дәреже.

 Ерсұлтанның қазіргі салмағы 95 келі. Финалда 160 келі салмақ дәрежесіндегі балуанмен белдесті. Өзінен 1,5 есе үлкен спортшымен жекпе-жегі тартысты өтті. Жерлесіміз асқан шеберлік көрсете білген. Оның осы ептілігі жас спортшыларға үлгі.