Жаздың жайдарлы кешінде жастар бас біріктірді. Ашық аспан астында ән шырқалды. Көңілді кеш қаладағы Қазақ-Түрік саябағына сән берді. Жастар жиыны жайында тілші әңгімелейді.
Бұл шараға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мұрындық болған. Қала тұрғындары мен жастардың жазғы мезгілдегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Shymkent – Talants show» кеші өтті. Іс-шараның мақсаты – қала жастарының бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және шығармашылықтарын шыңдау, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру.
Ашық аспан астында өткен іс-шарада қала тұрғындары мен жастары музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен түрлі көңілді әндер шырқады. Үйдің қапырық ауасынан қашып, саябаққа келген қала тұрғындары мен жастары кешкі уақыттарын керемет өткізді. Ән тыңдап қана қоймай өздері де өнерін ортаға салуға мүмкіндік алды. Әуендерді үздік айтқан қатысушылар, көпшіліктің құрмет-қошеметіне ие болды.
Алдағы уақыттарда қала тұрғындары мен жастардың жазғы мезгілдегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі іс-шаралар тізбегі жалғасады.