Түркістан қаласын жасылдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аймақта түрлі көшеттер егіліп, күтіп-баптау ісі мықтап қолға алынған. Осыған орай «Жасыл аймақ» аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.
«Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тұрақты екі орман тұқымбағы бар. Заманауи тұқымбақта 576,0 м2 жерге жылыжай орнатылды. Мақсат сирек кездесетін сәндік қылқа және жапырақты ағаштар өсіру. Ал, сеппе бөлімшесі ағаш-бұта өсімдіктер тұқымының 11 түрінен 5000 кг тұқым себу жұмыстарын қолға алды. Нұрлан Айтымов тұқымбақта кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. 4 жылдан бері бұл салада еңбек етіп келе жатқан маман әр ағашты жетілдіру жолдарын айтады. Бұл жерде 28 түрлі ағаш өсіріледі. Оның әрқайсысының пісіп-жетілуі бар. Соған байланысты жоспар құрылады. Мамандарың айтуынша, Түркістан қаласында топырақ құнарсыз, сондықтан, тұқымды жерсіндіру оңай болмайды.
Жалпы орман тұқымбағында тұрақты 48 штаттық бірлік және 3 техника қамтамасыз етілген.