Солтүстік Қазақстан облысында екі аптадан кейін орақ науқаны басталады. Қазіргі уақытта аймақтағы астық қабылдау кәсіпорындары тексерістен өтіп, биылғы бидайды қабылдауға әзірленіп жатыр.
Науқанда жауын-шашынға байланысты дән кептіргіштерге сұраныс жоғары болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, облыс бойынша астық қабылдау орындары жеткілікті. Сыйымдылығы 3,2 млн тонна болатын 46 элеватор бар. Сондай-ақ соңғы жылдары шаруашылықтар өздерінің бидай кептіргіштерін салып жатыр. Осындай құрылымдарды қоса есептегенде өңір 6,9 млн тонна астықты кептіріп, сақтай алады. Қазіргі уақытта астық қабылдау кәсіпорындары орташа есеппен 80-85% дайын тұр. Егін орағы басталғанға дейін, 10-15 тамызда барлық элеваторлар бидайды қабылдауға дайын болады.