Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде тағы бір өндірістің құрылысын бастау бойынша келіссөздер жүргізді. Инвестормен кездесіп, жаңа жоба барысын жан-жақты талқылады. Сиырдың сүйегінен сан түрлі өнім шығаратын өндірістік кешенді Түркістан облысындағы индустриалды аймақта салу жоспарлануда.

Бірегей жоба пайдаланылмаған ірі қара малдың сүйектерін озық биотехнологиялардың көмегімен экономикалық құндылығы жоғары өнімдерге қайта өңдеуге бағытталған. Мал қалдықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, аймақ үшін экономикалық өсудің жаңа көзін қамтамасыз етпек. Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңір халқының әл ауқатын жақсарта түспек. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдіріп, инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.