Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Күн тәртібінде қыс мезгілінде қаладағы қар тазалауға дайындық, көше жарығы және бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды. Кездесуді ашқан мегаполис басшысы әлеуметтік желіде қала тұрғындары кейбір көшелерге жаңадан төселген асфальттың қайта қазылатынына шағымданатынын атап өтті.
Қала әкімі бірқатар мердігер компанияның жұмысын, сондай-ақ басқармалар мен аудан әкімдіктері тарапынан тиісті бақылаудың болмауын сынға алды. Ол мұндай фактілер тұрғындардың әділ наразылығын тудыратынын және қаланың имиджіне теріс әсер ететінін атап өтті. Қала әкімі жаңадан жөнделген жолдар қайта бұзылмас үшін барлық жөндеу жұмысы мен коммуналдық қызмет үйлесіп әрекет етуі керек екенін айтты. Осындай жұмыстарға рұқсат алған мердігерлік компаниялар жұмыс сапасына және жолды дер кезінде қалпына келтіруге кепілдік міндеттеме алуы тиіс. Әкім сонымен қатар, әр факт бойынша тексеру жүргізуді және кінәлі тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Қаладағы қар тазалау жұмыстарына дайындық барысы туралы Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар баяндады. Оның айтуынша, мегаполистегі автомобиль жолдарында 29 бағыт бойынша 243 техника, екі мыңға жуық коммуналдық-техникалық қызметкер жұмыс істейтін болады. Жалпы ұзындығы 891 шақырым болатын 443 көшенің қарын тазалау жоспарлануда, сонымен қатар 15 мың тоннадан астам тұз және 25 мың текше метр құм дайындалды.