Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстандықтардың 95 пайыздан астамы елдегі этносаралық ахуалды тұрақты әрі қолайлы деп бағалайды. 2022 жылы кәсіби этномедиаторларды даярлау және медиация институтын дамыту мақсатында Этномедиация орталығы құрылған.
Қазіргі уақытта елімізде 80 ақпараттық-түсіндіру тобы белсенді жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 1000-нан астам этномәдени бірлестік пен 4000-ға жуық қоғамдық құрылым біріктірілген. Олардың құрамында 50 мыңнан астам азамат бар. Мұнда «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесі» қызмет етеді. Отбасылық құндылықтарды нығайту және жастарды рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуге бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Адал азамат» және «Салауатты сана» жобалары жүзеге асырылуда. Республикалық деңгейде 32 Достық үйі жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Жомарт жан» қайырымдылық орталығы, «Жеңіс бірлікте» спорттық алаңы және «Елтану» жобалары белсенді түрде дамуда. Биыл «Жомарт жан» орталығының меценаттары 35 мың азаматқа 305 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті. Ғылым мен білімді дамыту мақсатында жоғары оқу орындарында Ассамблеяның 42 кафедрасы жұмыс істейді. Елде 11 тілде 50-ден астам газет пен журнал жарық көріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубы 500-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен медиа саласының мамандарын біріктірген. Қазақстан қоғамы келісім мен бірлікке негізделген бірегей үлгі қалыптастырып, ол мемлекет тұрақты дамуының негізгі факторы болып отыр.