Қазақстандық оқушылар бірінші тоқсан соңында 7 күндік күзгі демалысқа шығады. Каникул 27 қазанда басталып, 2 қарашада аяқталады. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Адал азамат» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары ұсынылды. Онда «Демалыста кітап оқимыз», «Буллингтен қорған!» сияқты шаралар қамтылған.
Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы орайда ата-аналармен бірге жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мектеп ішіндегі тәртіпті сақтау, балалардың көшедегі және үйдегі қауіпсіздігі, сондай-ақ киберқауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылады. Іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады, дейді Оқу-ағарту министрлігі.