Шымкент шомылу маусымын жауапты жылыту маусымына жалғады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері баспасөз брифингін өткізді. Қала тұрғындары қыс мезгіліне қаншалықты дайын? Тақырыпты тілші тарқатады.

Жаман айтпай жақсы жоқ. Жылыту маусымында жазатайым оқиғалар жиі тіркеледі. Өткен жылы 4 оқиға адам өлімімен аяқталған. Биыл да екі қайғылы жағдай орын алған. Осы себепті қауіпсіздік шаралары күшейтіліп отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының айтуынша, төтенше жағдайлар көбіне қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болады.

 РАУАН ОРДАБЕК, ТЖД МӨББ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Газ қондырғыларын терезенің жанына емес, жуынатын бөлмеге орнатады. Ол жерде ылғал көп болғандықтан, газ ішке қарай ұрады. Қайғылы оқиғалардың 80 пайызы газ пешінің жуынатын бөлмеге орналастырылуынан туындайды.

 Ауа райы жылы қалада шомылу маусымы ерте басталып, кеш аяқталады. Су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – департаменттің басым міндеттерінің бірі. ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы және құзырлы органдармен бірлесіп, шомылу маусымында қауіпсіздік бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізген.

 АСҚАР ШӘРІП, ТЖД МАМАНЫ
Әр шомылу орнында, су қоймаларында қызметкерлер тарапынан үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Демалыс және мереке күндері жұмыс қарқынды жүргізілді. СМС-хабарламалар да тұрақты түрде жіберіліп тұрды.

Департамент, аудандық әкімдіктер және бассейн басшыларымен 11 меморандум жасасып, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың 1 400-ден астам баласының қауіпсіз шомылуына жағдай жасаған. Сонымен қатар, Жедел-құтқару жасағының мамандары судағы қауіпсіздік ережелерін толық түсіндіріп өткен.