100 адам бір уақытта күй шертті. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ «Жүз домбыра – бір үн!» челленджін бастады. Республика күніне арналған эстафетаны еліміздің басқа оқу орындарына жолдады.


 ОЛЖАС АСЫЛХАН, ТІЛШІ
 Қазір университеттің жүз студент домбырашысы бір мезетте «Балбырауын» күйін орындайды. Бір ерекшелік – мұнда жиналған студенттер кәсіби домбырашы емес, олар әр түрлі мамандық иелері.


ТҰРАН МЫРЗАБЕКҰЛЫ, СТУДЕНТ
Керемет болып отыр. Дайындықта да, қазір тартқан кезде де бұл күй адамға ерекше рух сыйлайды. Жайдан-жай болып жатқан дүние емес, кез-келген университет, қала, ауылға керек челлендж.«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейді. Кез-келген адам – шахтер, мұғалім немесе басқа мамандық иесі болсын, домбыра тартып білуі шарт деп ойлаймын.


 Челлендждің мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың рухани бірлігін нығайту. Сонымен қатар, эстафета 25 қазан – тәуелсіз Қазақстанның негізі қаланған тарихи күнге арналған.


 САЛТАНАТ МАРАЛҚЫЗЫ, МӘДЕНИЕТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Домбыра – қазақтың жаны, ал жүз домбыраның үні – бұл біртұтас елдің үні деуге келеді. Біз осы челленджді республикадағы барлық білім ошақтарына, университеттерге жолдаймыз.


Жоғары оқу орны қабырғасындағы «Мұра» ұлттық өнер орталығында арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Білім алушылардың көпшілігі бос уақытында домбыра үйірмесіне қатысады.