Қоғамның денсаулығын қорғау – санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің басты міндеті. Бұл сала мамандары халықтың тұрмыс жағдайынан бастап, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне дейін тұрақты бақылауда ұстайды.



 Жалпы тексеру жұмыстары түрлі бағыттағы нысандарда жүргізіледі. Олардың қатарында білім беру мекемелері, медицина ұйымдары, қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік дүкендері, сұлулық салондары мен тұрмыстық қызмет көрсету нысандары бар. Мұндай объектілер халықпен тығыз байланыста болғандықтан, санитариялық талаптардың сақталуы ерекше назарда.


Ал тексеру жиілігі мен көлемі әр нысанның тәуекел деңгейіне қарай айқындалады. Мәселен, мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жоғары санитариялық тәуекел тобына кіреді. Сол себепті олар жиі тексеріледі. Ал әкімшілік кеңселер мен төмен қауіпті кәсіпорындар сирек тексеріледі немесе жоспарлы бақылаудан босатылады.


 Тексеру жұмыстары көбіне жоспарлы және жоспардан тыс түрде өтеді. Жоспарлы тексеру жыл сайынғы кестеге сәйкес жүргізілсе, жоспардан тыс бақылау шағымдар түскен жағдайда, немесе жұқпалы ауру белгілері анықталғанда жүзеге асырылады.


 Санитариялық тексерулер кей кезеңдерде жүргізілмейді. Мысалы, мораторий кезеңінде немесе кәсіпкерлік қызметті қолдау мақсатында енгізілген шектеулер кезінде жоспарлы тексерулер уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ жаңа ашылған нысандарға белгілі мерзім ішінде бейімделу уақыты беріледі.


Мамандардың айтуынша, тексерудің басты мақсаты – айыппұл салу емес, халық денсаулығына қауіпті факторлардың алдын алу. Санитариялық талаптардың сақталуы – әрбір кәсіпкер мен мекеме басшысының жауапкершілігі.