Бүгін Ұлттық құрылтай мүшесі, белгілі ғалым Кәрімбек Құрманәлиев жастармен кездесті. Академик білім алушылармен ашық пікір алмасып, ғылымдағы жаңа бағыттар мен заманауи үдерістер туралы ой қозғады.


«Сапалы білім – жетістіктерге жету жолы» тақырыбында өткен бұл келелі жүздесу - жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Кездесуде білім саласындағы өзекті мәселелер мен жастарды зерттеушілікке баулу тетіктері сөз болды. Академик студенттерді тек білім алумен шектелмей, ғылымды дамытуға белсенді атсалысуға шақырды.


 КӘРІМБЕК ҚҰРМАНАЛИЕВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, АКАДЕМИК

Барлық нәрсе ғылымға негізделуі керек. Біздің елде тасқын да болды, өрт те болды. Түрлі апаттар орын алып жатыр. Сонда Президентіміз не деп айтты? „Осының бәрі ғылыми негіздемелердің жоқтығынан“, – деді. Алдын ала болжау жоқ. Сол себепті, қай істі қолға алсақ та, барлығы ғылымға негізделуі керек.


 Ашық форматта өткен әңгіме барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тәжірибелі ғалыммен еркін пікір алмасты. Толғандырған сауалдарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.


 АҚАН БЕСБАЕВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ ДОКТОРАНТЫ

Мұндай ғалымдардың университет қабырғасына жиі келуі, жас ізденушілермен, оқытушылармен жүздесіп, пікір алмасуы академиялық ортада үлкен бір өсім, жаңа бір деңгей береді деп ойлаймын.


Шара соңында қатысушылар білім мен ғылымды ұлт дамуының темірқазығы деп танып, еліміздің өркендеуіне үлес қосу – әрбір жас азаматтың парызы деген ортақ ойға тоқталды.