Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Олардың тату-тәтті, ынтымақта өмір сүруі – қоғамдық тұрақтылықтың кепілі. Биыл осы мүдде жолында жұмыс істейтін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Мерейтой аясында этномедиацияны дамыту, қоғамдағы бірлікті нығайту мақсатында екі күндік оқу-семинар басталды.


Іс-шараға Ішкі саясат басқармасы, Әділет департаментінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіби медиаторлар, мектеп психологтары, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты. Басты мақсат – этносаралық татулықты нығайтып, бірлікті бекемдеу.


 ДАНА КЕНЖЕҚҰЛОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЭТНОМЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ

Медиация – бірлік пен татулықтың кепілі. Бұл форум арқылы біз азаматтар арасындағы ынтымақты, өзара түсіністікті нығайтуды көздейміз. Сондай-ақ, бұл – тәжірибе алмасу алаңы.


 Мамандардың айтуынша, этномедиация – дау-дамайдың алдын алып, ықтимал жанжалдарды болдырмаудың тиімді жолы. Сондықтан да бітімгерлер тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық шараларға басымдық береді.


ГҮЛЖАН ҚОЖАХМЕТОВА, МЕДИАТОР

Әр ұлттың көзқарасы, салт-дәстүрі әртүрлі. Алдын алу жұмыстары дегеніміз – әр ұлтқа құрметпен қарау.


Мақсат аясында этномәдени бірлестік өкілдері де жұмыла жұмыс істеуде. Олар бірлік пен татулықтың маңызын насихаттап, жастармен кездесулер ұйымдастырады.


ТАХИРБЕК НИШАНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Этномедиациямен айналысып жүрген этнос өкілдері мектептерге, университеттерге барып, жас буынмен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.


 Семинар барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, баяндамашыларға сұрақтар қойды. Көкейтесті мәселелерге нақты жауаптар алды.