Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін үш ауысымды және апатты мектептерді жою туралы үкіметке нақты тапсырма жүктегенін айтқан қала басшысы мектеп құрылысын  күшейту үшін жеке кәсіпкерлерді көптеп тарту керектігін жеткізді. Шымкент қаласында биыл пайдалануға берілетін 11 мектептің есебімен  жекеменшік білім мекемесінің саны 62-ге жетеді. Жеке мектептер санын көбейту арқылы бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге, орын тапшылығын азайтуға, білім сапасын жақсартуға және педагог мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді. Ал,  инвестор үшін тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес жоба болып табылады.Шаһар басшысы өткен жылы мегаполисте 25 жаңа мектеп ашылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеп, апатты мектептер жойылғанын атап өтті.Құрылысы аяқталып қалған білім ошағын аралау барысында әкім балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалу керектігін, материалдық-техникалық базасының талапқа сай болуын қадағалауды тапсырды.

ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗАСЫ ТОЛЫҚТАЙ ЖАБДЫҚТАЛҒАН ЗАМАНАУИ БІЛІМ ҰЙЫМЫ БОЛУ КЕРЕК

Мұрат Әйтенов жеке меншік білім ошақтарының талапқа сай болуын қадағалау мақсатында Асар шағын ауданында инвестордың есебінен салынып жатқан 500 орындық мектептің құрылысымен танысты. Бұл мектепке жан басына қаржыландыру арқылы мемлекет әр оқушы үшін қаржы төлейтін болады.Әкім білім мекемесін аралау барысында балалардың білім алуына барлық жағдайдың жасалуын, материалдық базалардың талаптарға сай болуын қадағалап, жеке меншік білім ұйымдары оқушыларға интеллектуалдық, физикалық және психологиялық, әдеби-эстетикалық бағытта қосымша білім беретін, материалдық-техникалық жағынан толықтай жабдықталған заманауи мектеп болу керек екенін ескертті.Жан басына қаржыландыру көлемі аясында мектептерде оқу және материалдық-техникалық базаны ішінара нығайту мүмкіндігі пайда болды. Спорт құрал-жабдықтары, оқушы жиһаздары, оқу тақталары, көрнекі құралдар мен оқу материалдары, музыкалық аспаптар сатып алынды.

МЕКТЕП АШУ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Нұрсат шағын ауданында орналасқан «Жас-Дарын-5» атты 300 орындық жекеменшік мектептің құрылысымен танысу барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов мектеп ашу жай ғана ғимарат салумен шектелмейтінін, ол үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.«Балаға білім мен тәрбие беру ол үлкен жауапкершілік. Сіздер сол жауапкершілікті сезініп, сапалы білім беру ісін жоғары деңгейде ұйымдастырып, орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдердің орындалуына баса назар аудару керексіздер. Ең алдымен материалдық-техникалық базамен жабдықталуын және мектептердің дизайны мен ішкі әрлеу жұмыстарына баса мән беріңіздер»,-деді қала басшысы.Құрылысы өткен жылы басталған нысан жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.  Жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша қызмет атқарады. Яғни, мемлекет әр оқушы үшін қаржы төлейтін болады.Мектепте балалардың білім алуына барлық жағдайдың жасалуы бойынша әкім инвесторға бірқатар ұсыныстар айтты.

 

АВТ. ӘЙГЕРІМ.