«Самғау» республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі өз мәресіне жетті. Жүзден жүйрік шыққандар 1 млн теңге сыйақы алып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Байқауға еліміздің түрлі өңірінен 30-ға жуық өтінім келіп түскен. Жарыс алдында қатысушылар іріктеліп, ақтық сынға тек 20 жұмыс таңдап алынған. Жарыстың мәні мен мазмұны, режиссерлердің кәсіби қарымы қай деңгейде? Сюжеттен көріңіз.


Байқау екі аталым негізінде өрбіді. Бірінде қысқаметрлі фильмдер бағаланса, тағы бірінде анимациялық туындылар сынға түсті. Сен тұр, мен атайындар қатысқан сында «Көне құмыраның сыры» мутльфильмі бас бәйгені алды.


Туынды продюсері Серік Елеуовтің сөзінше фильмге 32 млн теңге жұмсалған. Анимация артында 30-дан аса маман жұмыс істеп, 9 айға жуық еңбектенген. Фильмде Ажран мен Аружан есімді қос бүлдіршін көне құмырамен тілдесіп, қызғалдақтың отаны Голландия емес, Қазақстан екенін дәлелдейді.


СЕРІК ЕЛЕУОВ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

«Барлығы оңай болып көрінеді. Қысқа метражды фильм түсірудің өзі қаражатқа келіп тіреледі. Қаражат іздеп жүгіріп, тауып, «Сақ» киностудиясы қолдап, қала әкімідігі қолдау түсірілген киномыз болатын. Соны ұсынғанбыз. Бүгін жарық көіріп отыр.» 


Ал қысқа метражды фильм номинациясын қарағандылық режиссер Асылжан Әділханұлы жеңіп алды. Кино желі бойынша өмірін шахта ісіне арнаған қатал әке баласының да жер астында еңбек етіп, ізін жалғағанын қалайды. Алайда жас буынның таңдауы бөлек, талғамы басқа. Ән айтуға бейімі жоғары өрен музыкант болғысы келеді. Бірақ, оның бұл қалауына ата-ана қарсы. Ақыр соңы бітіспейтін шиеленіс шахмат тақтасындағы барып тіреледі. Әке мен бала арасындағы дуэл мынадай шартқа негізделген:


«Егер сен жеңсең сенің таңдаған жолыңды мен қолдаймын. Егер мен жеңсем менің таңдауымды сен қолдайсың.»


Шахмат тақтасында өрбіген текетіресте әкенің бәсі басып, жеңіске жетеді. Алайда:


«Жарайсың балам. Мен сенімен мақтанамын және әрдайым сені қолдаймын. – Бірақ әке мен... – Жоқ балам, мен үшін сен жеңдің.»


Фильм кәсіби бейнекамераға емес, қалта телефонына таспаланған. Кинотуындыға кәсіби актерлар шақыртылып, бір апта ішінде түсірілген.


АСЫЛЖАН ӘДІЛХАНҰЛЫ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

«Өзімнің қалтамнан 50 мың теңге кетті, болды. Қалғанын бәрін өзім ұйымдастырдым. Мобилогрофты кәсіби деңгейде дайындадым.» 


«Самғау» фестивалі биыл алғаш рет өтті. Қазылар құрамына елімізге танымал, білікті режиссерлар шақыртылған. Олар үміткерлер ұсынған туындының ерекшелігі мен мазмұнына, режиссерлік талғам-талантына баға берді. Қанат Төрабай жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпағанын айтады.


ҚАНАТ ТӨРЕБАЙ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

«Таңдау оңай болды деп айта алмаймын. Біраз ойландық. Тартыстық.» «Режиссердің жұмысы, актерлардың ойыны сынды критерийлермен қарадық»


Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйылықтармен марапатталды. Маманадар мұндай іс-шаралар жас буынның шығармашылық қарым-қабілетін ұштап, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретінін айтады.