Шымкенттік дәрігерлерге операция жасаудың озық технологиялары мен әдістері таныстырылды. Үндістандық трансплантолог, уролог маманы Dr.P.P.Singh роботтандырылған хирургиянының, әсіресе бүйрек алмастыру отасына инновациялық роботтарды қолданысқа енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, ер мен әйел азаматтары арасындағы өзекті болып тұрған белсіздік пен онкологиялық мәселелерін де көтерді.


Dr.P.P.Singh-тың Қазақстанға келудегі алғашқы сапары емес. Ол осыған дейін елдегі ірі қалаларда болып, оқыту жиындарын өткізген. Таныстырып отырған роботтар хирургтерге күрделі оталарды қашықтан сәтті өткізуге мүмкіндік береді екен. Аталған технологияның көмегімен осыған дейін үш мыңнан аса бүйрек алмастыру операциясын жасапты.


Dr.P.P.SINGH, УРОЛОГ, ТРАНСПЛАНТОЛОГ

Мен НьюДели қаласындағы МАКС СМАРТ ауруханасының профессоры, трансплантолог маманымын. Біз тек Қазақстандық ғана емес, ТМД елдеріндегі әріптес дәрігерлерге де оқыту жиындарын өткізіп тұрамын. Қашықтан ота жасайтын роботтар арқылы біз 1 айдың көлемінде 200-ге жуық ота жасадық. Бұл инновациялық технологиямен ота жасау өте ыңғайлы. Әрі, ағза қызметін сақтап қалуға және отадан кейінгі асқыну қаупін азайтуға бағытталады.


Жәния Шаукенованың азапқа толы күндері қазір артта қалған. Дәрігерлер оған осыдан екі жыл бұрын сүт безі қатерлі ісігінің 4-ші сатысын қойыпты. Шипа іздеп шетел асқан ол дертінің емін Үндістан медицинасының жаңаша технологияларынан тапқан. Қазір құла таза айығып, Нью Дели қаласындағы медицина орталықтарының бірінде елден барған қазақ ағайындарға көмек қолын созып жүр.


ЖӘНИЯ ШАУКЕНОВА, НЬЮ ДЕЛИ ҚАЛАЛЫҚ MAX SMART АУРУХАНАСЫНЫҢ ӨКІЛІ

Мен өзімнің елімді ең біріншіден дамытуды ойлаймын. Сондықтан, Индияда қандай жақсы профессорлар бар, кімнен үйренуге болады, сондай кісілерді мен Қазақстанға шақырамын. Шымкентке ғана емес, басқа да қалаларға барып тұрамыз. Қолдан келгенше адамдарға көмектесеміз.


Осыдан бірнеше жыл бұрын қатерлі ісік пен ауыр дерттерге шипа іздегендер шетелге ағылатын. Қазір мұндай күрделі оталар елдегі ірі мегаполистерде ғана емес, облыс көлемінде де тың технологиялардың арқасында жасалатын болған. Әсіресе, трансплантолог дәрігерлері былтырдың өзінде өңірде 15 адамның бүйрегін алмастырған.