Ана мен бала денсаулығын сақтау – басты назарда. Бүгінде өңірде репродуктивті жастағы 433 мыңнан аса әйел бар. Жыл сайын орта есеппен 54 мыңға жуық сәби дүниеге есігін ашады. Оның денсаулығы, жайлы өмір сүруі күн тәртібінде тұрған мәселе. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиыннан тілшіміз баяндасын.


Бүгінде облыс халқы 2,2 млн адамды құрайды. Демография жыл сайын артып отыр. Дегенмен кейінгі екі жылдағы бала туу көрсеткіші төмендеген дейді басқарма басшысы.


АСХАН МАРХАБАЙҰЛЫ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

«2018-2021 жылдары туу көрсеткіші тұрақты өсім көрсеткен. 2021 жылы 31,8-ге жеткен. Алайда бұл кейнігі жылдары төмендеп отыр. 2024 жылы 25,12-ге дейін төмендеген. Бірақ ҚР аумағындағы көрсеткіште әлі де алдыңғы қатардамыз.» 


Ана мен балаға жайлы жағдай жасап, денсаулығын күту үшін заманауи технологиялар, сапалы кадрлар қызмет атқарады. Жүктілік кезінде ұрықтың даму патологияларын ерте анықтау – ана мен бала өмірін сақтаудың басты құралы. Скринингтен өткізу жұмыстары 88%-ды құрап отыр. Ол үшін 47 УДЗ маманы оқытылып, оның 12-сі Ұлыбританиядағы халықаралық сертификатқа қол жеткізген. Нәтижесінде туа бітті даму ақаулары ерте анықталып, диагностикасы 4%-ға артқан. Соған қарамастан өңір басшысы айтылған бұл көрсеткіштерге тоқмейілсуге әлі ерте екенін алға тартып, нақты тапсырмалар берді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

«Медициналық қызмет сапасы бақылауға алынсын. 2025 жылы бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын бақылауға алуды тапсырамын. Кадр тапшылығын шешу мақсатында оқу орындарымен меморондум түзуді тапсырамын.»


Айта кетейік, «Аңсаған сәби» бағдарламасы Түркістан облысында оң нәтиже көрсетіп отыр. Экстракорпоральды ұрықтандыру қызметтерінің қолжетімділігі артып, соңғы 4 жылда 780 бала дүниеге келген. Оның 84-і егіз және 2 үшем бар.